Чекушина Нина Григорьевна 1928 жылы 25 шілде күні Жамбыл облысы, Шу ауданы Бурылбайтал ауылында дүниеге келген.
Нина Григорьевна Чекушинаның бүкіл саналы ғұмыры байыту фабрикасымен және тұтас Балқаш өндіріс аумағымен тығыз байланысты. Ол өзінің еңбек жолын 1945 жылы №5 қолөнер училищесін бітірген соң, ол Балқаш тау-кен металлургиялық комбинатының байыту фабрикасында флотатор мамандығымен жұмыс істей бастайды. Өзінің еңбексүйгіштігінің, жауаптылығының арқасында ол қала мен облыс көлемінде ғана емес, өз елімізден тысқары жерлерге де танымал адам бола бастайды. Оның жоғары дәрежедегі біліктілігі мен өмірлік тәжірибесі, өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен нық сенімі көптеген жас буын өкілдеріне үлгі бола білді.
Ол өзі туып өскен мекенінің патриоты бола отырып, облыстың және қаламыздың қоғамдық, сонымен бірге саяси өміріне еркін әрі белсенді түрде араласты. Нина Григорьевна кәсіподақ қозғалысының көшбасшысы, комбинаттағы кәсіподақ комиссиясының әйелдер арасындағы төрайымы, облыстық кәсіподақ комитетінің металлургия саласы бойынша мүшесі болды.
1953-1979 жылдар аралығында облыстық және қалалық халық депутаттары Кеңесінің, 1959-1963 жылдары Республиканың Жоғары Кеңесінің V шақырылымының депутаты болып сайланды.
Чекушина Нина Григорьевна ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін 1966 жылы Ленин орденімен марапатталып, 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1975 жылы Нина Григорьевна СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
2000 жылы 28 қыркүйекте Н.Г. Чекушинаға Балқаш қалалық мәслихатының шешімімен “Балқаш қаласының кұрметті азаматы” атағы берілді.
Чекушина Нина Григорьевна 2016 жылы дүниеден озды.
Әдебиеттер тізімі:
2. Ақпарат айдынында: мақалалар мен очерктер / бас ред.: Ж.Башар. - Қарағанды: «Арко», 2007– 121-124 б.