Мұхамедиев Секербай Әмірешұлы 1922 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы, Нұркен ауылдық округіне қарасты Бірлестік бөлімшесінде дүниеге келген. №2 Абай атындағы мектепте білім алған. Соғыстың алдында, 1939-1941 жылдары Балқаш мыс зауытында электрдәнекерлеуші, теміржол цехының ағаш қоймасында есепші болып жұмыс істеген.
1942 жылы 22 қаңтарда Балқаш қалалық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған. Әскерге барысымен полк мектебіне курсант болып қабылданып, 39-шы атқыштар полкының құрамында болды. 1942 жылдың мамыр-маусым айларында 987-ші атқыштар полкында бөлімше командирі, одан кейін тамыз айына дейін Уфадағы жаяу әскер училищесінде командирлер даярлайтын курсты оқып бітіреді. Тамыз-қыркүйек айларында Сталинград майданындағы 226-шы атқыштар дивизиясында атқыштар бөлімшесінің командирі болған. Мұхамедиев Секербай соғыста жараланып эвакогоспитальде жатып емделеді. Одан жазылып шығып 1944 жылы Карелия – Фин майданындағы соғысқа қатысып, 114-ші атқыштар дивизиясында бөлімше командирі болады. Оң жақ кеуде тұсынан ауыр жарақат алып госпитальге түседі. 1944 жылдың қараша айында запасқа шығарылады.
1945 жылы елге келгеннен кейін соғыста алған жарақатын емдетіп, 1-ші топтағы соғыс мүгедегі қатарына жатқызылады. Мұхамедиев Секербай 1970 жылғы 6 мамырдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен соғыста көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» III дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Бұдан басқа «Ұлы Жеңіске 20, 25, 30 жыл» медальдарымен, 1967 жылы 26 желтоқсанда «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл», сонымен қатар 1978 жылы 28 қаңтарда «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл» медальдарымен марапатталды.
Мұхамедиев Секербай 1950-1965 жылдар аралығында Балқаш қалалық қаржы бөлімінде салық инспекторы, 1965 жылдан 1978 жылға дейін Балқаш балық зауытында өндіріс диспетчері болып қызмет істеді.
Мұхамедиев Секербай Әмірешұлы 1982 жылы дүние салды.