1941 жылы Балқаш қаласына көшіп келіп, мыс қорыту зауытына жұмысқа түскенде, ол келешекте қаламыздың құрметті азаматы атағын алады, оның аты көшелеріміздің біріне беріледі деп ешкім де ойламаған болар. Бірақ оның пешенесіне осылай жазылған болып шықты.
1941 жылы июльде В.П. Спицын Қызыл Армия қатарына шақырылды. Василий Петрович Қазақ КСР-і Ақмола (қазіргі Астана) қаласында құрылған 310-шы атқыштар дивизиясының құрамында жүріп соғысқа кірді. Жауынгерлік жолын Ленинград түбінде бастады. Артиллерия зеңбірегінің нысанашысы болды. Ұлы Отан соғысы кезіндегі оның майдангерлік жолы ұзақ болды. Ол Ленинград қаласын қорғап, Псковты, Новгородты, Прибалтиканы, Польшаны, Пруссияны азат егуге қатысты. 1944 жылғы 31 наурыздан 2 сәуірге дейін Псков облысының Кузьмино және Воронино деревнялары маңындағы жаудың қорғанысын бұзу кезінде 76 миллиметрлік зеңбіректер артиллеристері жаяу әскерлермен бірге ұрысқа шықты. Василий Спицын дәл атып, жаудың бір зеңбірегін, расчетімен екі пулеметін жойды, бақылау пунктін қиратты және жиырмаға жуық жаяу солдаты мен офицерін жер жастандырды. Сөйтіп, жаяу әскердің тапсырмасы ойдағыдай орындалуына көмектесті. Бұл ерлігі үшін дивизия командирі Спицынге үшінші дәрежелі Даңқ орденін тапсырды.
1945 жылы 27 ақпанда Шығыс Померанияның Хаммерштейн қаласының маңайында жаудың ірі күші біздің әскерге тұтқиылдан шабуыл жасады. Жарылған артиллерия снарядтары мен қарша бораған пулеметтердің оқтарының астында қала тұрса да, сержант Спицыннің расчеті батареяда бірінші болып жауға қарсы оқ жаудырды. Бүкіл батареялар олардан үлгі алып, жаудың екі танкісін, бірнеше атыс ұяларын талқандады. Жау шабуылы тоқтатылып, неміс группировкасы ыдыратылып жіберіледі. Осы шайқастағы ерлігі үшін Василий Петрович Спицын екінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. В.П.Спицын ірі өнеркәсіп орталығы әрі порт Гдыня қаласын алудағы ұрыстарда да тайсалмай, батылдықпен қимылдады. Польшаның бұл көне қаласын азат етудегі ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша аға сержант Спицын бірінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды, яғни Кеңес Одағы батырларының қатарынан орын алатын болды.
Василий Петрович Спицын Жеңістен кейін Балқаш қаласына оралып, мыс қорыту зауытында жұмыс істеді. Мұнда ол 30 жылдан астам еңбек етті. Өндіріс озаты ретінде 1971 жылы «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталды, 1975 жылы оған «Балқаш қаласының құрметті азаматы» деген атақ берілді.
Әдебиеттер тізімі:
1. Мұстафин, С.Ж. Қаланың құрметті азаматтары: Тарихи – өмірбаяндық очерк / Мұстафин С.Ж. - Балқаш. – 2000. – 36-37 бет.
2. Балқаш. Тарих беттері. Құжаттар мен материалдар жинағы. Қарағанды: ЖШС «Арка және К», 2007. – 193-194 бет.
3. Спицын көшесіне - 25 жыл: Спицын көшесінің мерейтойы туралы // Пульс. – 2010. – 30 сәуір(№18). – 4 бет.