Маков Константин Макарович 1922 жылы 1 наурызда Самара губерниясының Клявлинский уезінің Русско-Добрино селосының шаруа отбасында дүниеге келген. 1935 жылы олар Балқаш көлінің маңындағы металлургиялық комбинатты салуға және қаланың құрылысына келеді. Константин Макарович орта мектептің алтыншы сыныбын аяқтамастан, жұмыс істей бастайды. Алдымен өндіріс алаңында таратушы болып, 1938 жылдан бастап мыс зауытының техникалық бөлімінде. Сонымен қатар кешкі жұмысшылар мектебінде оқып, көшірушінің оқушысы, көшіруші, сызбашы, конструктор маманы ретінде өсті.
Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1942 жылдың сәуір айында К. Маков майданға шақырылады. Алдымен Калинин майданының 252-ші дивизиясының 924-ші атқыштар полкына түсіп, барлауда алғашқы соғыс шайқасына қатысты. 1942 жылы қыркүйек айында Сталинград майданына жіберілді. Онда, ұрыс кезінде Константин Макарович жарақат алғаннан кейін әскери госпитальге жатқызылып, сауыққан соң 1943 жылы Черкаск жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. 1944 жылы маусым айында жаңа жас командирлерді тарату бойынша Мәскеуге келеді. К.Маков 3-ші Белорусь майданының 371-ші дивизиясының 1224-ші атқыштар полкына түсіп, танкыға қарсы зеңбіректің взвод командирі болып тағайындалады. 1944 жылдың 16 қазанында Литвадағы Шакяй қаласының маңындағы Шығыс Пруссияның шекараларының жанында болған ұрыс кезінде қайтадан жараланады. 1945 жылдың ақпан айында кіші лейтенант К.Маков 3-ші топтағы мүгедек ретінде Балқаш қаласына оралды.
К.М.Маковтың соғыстан кейінгі барлық қызметі БГМК-мен байланысты. Осында техник - конструктор, инженер, аға инженер – конструктор, ОГМ конструкторлық бюросының бастығы болып жұмыс істеді. К.Маковтың тікелей қатысуымен комбинаттағы көптеген өнеркәсіптік нысандар, тораптар мен агрегаттар жобаланды. Сондай-ақ, Константин Макарович Ескі алаңның жанында орналасқан «Балқаш осы жерден басталған» белгісінің авторы.
Жауынгерлік қызметі үшін К.Маков 1-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», соғыстан кейінгі еңбегіне байланысты «Еңбектегі ерекшелігі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдармен, «КСРО өнертапқышы», «Әлеуметтік жарыс жеңімпазы», «10-шы бесжылдық Озаты» және т.б. белгілермен марапатталды.
Балқаш қаласында 70 жылдан астам уақыт тұрып, К.Маков қала тарихында тамаша инженер, өз елінің нағыз патриоты ретінде, жастарға өзінің тәжірбиесін молынан үйреткен тәлімгер ретінде өшпес із қалдырды. 76 жасында зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, өмірінің соңына дейін белсенді, іскер, жаңа ойларға толы ардагер адамдарға деген ілтипаттылықты, зиялылықты және терең парасаттылықты сақтай білді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Маков Константин Макарович 2012 жылдың 20 ақпанында өмірден өтті.