"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

ТДБ «Туындысы мен тағдыры ұштасқан біздің өлке»

Просмотров: 4318

 

Қор базасы Сіздерге Балқаш өңірінің өркендеуіне атсалысқан адамдардың тағдыры және жерлес ақын-жазушылардың әдеби шығармалары жайлы қызықты ақпарат береді. Мұнда аймақтың тарихы, өнер және мәдениеті, табиғаты, әдеби мұрасы жайлы кітаптар ұсынылады.

 

Дадан Тобықты Бораншы

Шәкірұлы, Н. Дадан Тобықты Бораншы: шежіре / Н.Шәкірұлы. – Алматы, 2023. – 108 б.
 
Кітаптың басы арғын тайпасының қысқа негізгі тарихы мен орналасуынан басталып, Тобықты руының тарихымен ұласады. Халық арасындағы аңыздар, тарихи деректер орнымен қолданылып, шежіре мен тарихтың тікелей байланысы анықталады. 
Дадан Тобықтының Балқаш көлінің солтүстік жағалауымен Тоқырауын өзенінің төменгі ағысына орналасу тарихы және болыстықтың тарихындағы өмір кешкен белгілі тұлғалар жайлы мәліметтер берілген.
Алты ата Бораншы ұрпақтары шежіресі, оқуға ыңғайлы кестемен таратылған.

«Тамырын тартқан тереңнен»

Тамырын тартқан тереңнен: қалалық «Балқаш өңір» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған жинақ / құраст.: Қ.Аманқұлов. – Балқаш: «Алгорифм» баспасы, 2022. – 99 б.
Бұл жинақ Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» қоғамдық-саяси газетінің жарық көргеніне 90 жыл толуына арналады. «Балқаш жұмысшысы» деген атаумен 1932 жылдың 1 мамырында жарық көрген басылымның тарихы терең. 
Кітапқа газеттің әр жылдардағы редакторлары мен тілшілерінің, қызметкерлерінің өмірінен сыр шертетін түрлі мақалалар топтастырылған. Сондай-ақ, газет редакциясының марапаттары мен ұжымдық фотосуреттер қатталды.
 
 

Тобықты Қараменде баба
 

Тобықты Қараменде баба: Тарихи-танымдық зерттеулер мен аңыз-әңгімелер жинағы / құраст.: М.Жанболатұлы. – Алматы: «Информ-Арна» баспасы, 2019. – 456+28 жапсырма бет.
Жинаққа XVIII ғасырда өмір сүрген, Әнет бабаңның өсиетін тыңдап, батасын алған, халқымыздың қасірет болған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» басынан кешірген Қараменде Шақаұлының (1707-1797) ғибратты өмірі топтастырылған.
Халқы Баба деп атаған – Қараменде би Абылай ханның сенімді серігі, Қаз дауысты Қазыбек, Бұқар жырау, Кеңгірбайдай билермен иық тіресіп ел мүддесін қорғаған, халық батырлары Мамай, Жидебай, Жалаңтөс, Жәнібектермен қанды көйлек дос болған, дуалы ауыз шешен, әділ би, халық қамқоршысы болып танылған тарихи тұлға.
Ұзақ уақыт есімі мен еңбектерін насихаттауға тыйым салынып келгендіктен, Бабаңның өнегелі өмірі, кемеңгерлік үлгі-өсиеттері жинақталмай, зерттелмей келген еді. Тұңғыш рет құрастырылған бұл ел жадында сақталған әңгімелер мен тарихи деректер, көркем туындылар жинағы ел тарихын зерделеп, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге зор көмегі тиеді деп қалың қауымға ұсынып отырмыз.
Кітапхана оқырмандарына Қараменде би бабаның ұрпақтарының атынан.

«Құланиек»

Байыс, А. Құланиек: өлеңдер /А.Байыс. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2021. – 112 б.
Жас ақынның тұңғыш жинағына махаббат, табиғат, өмір жайлы толғаныс-тебіреністерге, сыршыл сезім мен сағынышқа толы өлеңдері, балладалары, сондай-ақ аудармалары еніп отыр. Оның жырлары оқырман қауымды өзінің шынайылығымен баурап аларына сеніміміз мол.

 

 

 


«Темір жолы – өмір жолы»

 

Аринов, А.  Темір жолы – өмір жолы / А.Аринов. – Қарағанды қаласы:  ТОО «Форма Плюс» баспасы, 2022. – 166 б.
«Темір жолы – өмір жолы» кітабын теміржол саласында біраз  жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан жас талапкерлер тепловоз машинисінің көмекшілері Алмас Аринов және Ғазиз Ариновтар құрастырып жазған. Алғашқы еңбек жолдарын осы теміржолдан бастап, өмірлерін осы салаға арнауға бел буып отыр. Осы туындыда олар теміржолшылардың, машинистер мен олардың көмекшілерінің, теміржол саласындағы басқа да буындарды еңбек ететеін жандардың қызметі мен жанқиярлық еңбектерін барынша шынайы көрсетуге тырысты.

 

 


«Өте шыққан өмір-ай!»

Игенұлы, Р. Өте шыққан өмір-ай! / Р.Игенұлы. – Нұр-Сұлтан:  «Кәусар» баспасы, 2019. – 208 б.
Кітапта білігі мен тәжірибесі мол, өмірден көрген-түйгені көп Райымқұл Игенұлының естеліктері, ұрпақтарына айтар өсиеті, қуанышы мен өкініші аралас өмірлік сабақтары жазылған.
Автордың балалары, әріптестері жазған ізгі пікірлер мен тілектер де қамтылған.
Автордың өзінің және өзінен үлкен аға-әкелердің айтқан  өнегелі әңгімелерін ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан бұл кітабының оқырманға берері мол.

 

 

 

 


«Абыз бен Аңыз»

Башар, Ж.  Абыз бен Аңыз / Ж.Башар. – Нұр-Сұлтан: «Профи Медиа» баспасы, 2021. – 272 б.
«Абыз бен Аңыз» романы қиялдан туған хикаят емес, тарихи шындықты негізге ала отырып жазылған көркем туынды. Арқаның абызы Қараменде би және сол заманда ғұмыр кешкен тарихи тұлғалар, олар жайлы ел аузында да жүрген аңыз әңгімелер, со замандағы тарихи оқиғалар, шығарма арқауына айналған. Қазақ хандығы жойылғаннан кейін, елді аға сұлтандар мен болыстар басқарған дәуірдегі елдің бірлігін діттеген айтулы тұлғалардың арпалысқа толы өмір көші баяндалады.

 

 

 

 


«Қазақтың ас беру дәстүрі»

Смағұлов, Е.М. Қазақтың ас беру дәстүрі /  Е.М.Смағұлов. – Нұр-Сұлтан: «Алтын Кітап» баспасы, 2019. – 248 б.
Бұл зерттеу еңбекте қазақ халқының ас беру дәстүрінің сипаттамасы, оның шығу тегі, ас берудің қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік қатынастар жүйесіндегі институционалдық рөлі қарастырылады. Автор қазақ халқының этномәдени дәстүрлерінің көп уақыт мөлшеріндегі әлеуметтік-тарихи тәжірибенің нәтижесінде қалыптасқанын дәлелдейді.
Кітап қазақ тарихы  мен этнографиясы бойынша мамандарға, оқытушылар мен жас ғылыми ізденушілерге, сонымен қатар бірге бұл тақырыпқа қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.

 

 

 

 


Жалғанның жүзі

Башар, Ж. Жалғанның жүзі: Роман және хикаяттар мен әңгімелер / Ж.Башар. - Қарағанды: «Теngгі Іtd» ЖШС баспаханасы. - 2019. - 345 б.
Кешегі қызыл террордың заманында қазақ халқы ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ауыр зардаптарын бастан өткеріп, жантүршігерлік қасірет кешті. Жазушы Жанболат Башардың соңғы жылдарда жазған «Жалғанның жүзі» атты романына сол ауыр жылдары бір әулеттің басынан өткерген қайғы қасіреті, шеккен азабы, шырғалаң тағдыры шығарма өзегіне айналып, шынайы суреттелген. Сонымен қоса кітапқа: «Көлжанқара», «Басқа бәле.,.», «Сор», «Есукей», «Икең», «Нәкең», «Әзәзіл» атты тағы басқа хикаялары мен әңгімелері топтастырылған. Автордың қай шығармасын алсаңыз да шындық пен жалғанның, жақсылық пен зұлымдықтың шарпысуын қилы-қилы тағдырлы обрыздарды сомдау арқылы жеткізе білген. Олай болса оқыңыз, көріңіз, қызық қуанышын бірге бөлісіңіз.

 

 


 

 «Есімде қалған аралым» 

Тынышбаев, Қ  «Есімде қалған аралым»  /  Қ.Тынышбаев. - Қарағанды: «Типография Арко» ЖШС, 2019. - 102 б.

«Есімде қалған аралым» - бұл Барса-келмес деген тылсым атауы бар арал тарихы туралы кітабының екінші басылымы. Бүгінгі таңда Арал теңізінің құрғауына байланысты арал құрлықпен қосылып кетті. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары аралда балпақтарды аулау бойынша аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылған болатын, ал 1939 жылдан бастап сирек кездесетін жануарларды қорғау бойынша Барса-келмес мемлекеттік қорығы құрылды. Бұл кітап - 1937-1956 ж.ж. кезеңіндегі жекеленген бірегей аралдық мемлекет шаруасының ерекше өмірін өз көзімен көрген қатысушысының естеліктері. Бұл басылым Аралмаңының бөлшегі болып суреттелген жерлерге жақында барған әңгімелермен толықтырылып, компьютерлік графикамен жасалған топонимикасы және оған қоса анықтамасы бар бұрынғы аралдың картасы ұсынылды. Сонымен қатар, бірінші басылымға кейбір құжаттық анықтамалар енгізілді.

 

 


«Аманат»

 

Нұртазаұлы, М. Аманат: Өлеңдер жинағы / М.Нұртазаұлы. – Алматы: «Palitra-Press», 2019. – 248 б.

Өңіріміздің белгілі ақыны, білім саласына елеулі үлес қосқан ұстаз Махмет Нұртазаұлының «Аманат» кітабын ұсынамыз. Кітапта  өлеңдер жинағы берілген. Ақынның өлеңдері мен әңгімелері, шығармашылығы мерзімдік басылымдар арқылы жұртшылыққа жақсы таныс.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

 


«Қамшы»

 

Кәрім, Н. Қамшы / Н.Кәрім. – Қарағанды: «Типография Арко», 2016. – 84 б.

Ақын Нұрдос Кәрімнің тұңғыш жыр жинағына енген өлеңдері – пәк махаббат пен шынайы сезімнің нышаны іспетті. Сағыныш сазы сезіліп, жұмыр жүрегінен жібектей сезімі есіліп, жаныңды баурап алады. Өлеңдерінің басым бөлігі философиялық ойларға өрілген.

Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

 


Хат

 

Аманқұлов, Қ. Хат / Қ.Аманқұлов. - Қарағанды: «TENGRILTD» баспаханасы, 2017. - 36 бет.
Жыр жинаққа Қуаныш Аманқұловтың тырнақалды туындылары енген. Әрбір өлеңі - шынайы сезімнің айнасы іспетті. Жас ақын шығармаларында  жүректің  бұлқынысы, өмірдің үні анық аңғарылады.                                                                       
Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

 

 


 Өмір соқпақтары

 

Бөлекова, М.  Өмір соқпақтары: естеліктер / М.Бөлекова. – Алматы: «www.gylym-bilim.kz» баспасы, 2018. – 180 бет.

Ұсынылып отырған естелікнама көрнекті ақын Мөлдір Бөлекованың өмір деректері, өмірінде жолыққан тұлғалар мен басынан өткен елеулі оқиғалары жайында баяндалған.  Бұл естеліктер оқырманға ақынның бала, ана, жар, келін т.б. ретіндегі кескін-келбетін, табиғатын, болмысын, жан дүниесін ашады, қаламгердің өнер мен білімге деген құштарлығын, туған жерге деген махаббатын, адамзатқа деген құрметін көрсетеді. Кітаптың тәрбиелік мәні зор.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.


 Махаббат – ол өр сезім

 

Бөлекова, М. Махаббат – ол өр сезім: өлеңдер / М.Бөлекова. – Алматы: «www.gylym-bilim.kz» баспасы, 2018. – 34 бет.

Ұсынылып отырған өлеңдер жинағына көрнекі ақын Мөлдір Бөлекованың махаббат, достық, жастық, сезім, студенттік өмір жайлы алғашқы өлеңдері мен жарына деген сыйластык, кимастық сезімнен туындаған кейінгі жырлары енген. Ақынның өлең боп өрілген шығармалары шынайы сезімге, тұнық ойға, терең толғанысқа толы.

Өлеңдер жинағы көпшілік оқырман қауымға арналған.

 


Балқашым - бағым

 

Бөлекова, М.  Балқашым - бағым: өлеңдер  / М.Бөлекова. – Алматы: «www.gylym-bilim.kz» баспасы, 2018. – 57 бет.                

Ұсынылып отырғын өлеңдер жинағына көрнекі ақын Мөлдір Бөлекованын туған жері Балқаш каласы және Гүлшат кенті туралы өлеңдер мен әндер топтамасы енген.  Ақынның шығармаларынан туған жерге, туған ауылға, Отанға деген шынайы махаббаты сезіледі. Өлеңдер жинағы, әсіресе, ұстаздар қауымы мен оқушылар, студенттер үшін аса кажетті.

Жалпы жинақ көпшілік оқырман кауымға арналған.

 


Өлең өзі өріледі кеудемде...

 

 Бөлекова, М. Өлең өзі өріледі кеудемде...: өлеңдер / М.Бөлекова. – Алматы: «www.gylym-bilim.kz» баспасы, 2018.  – 68 бет.

Ұсынылып отырған өлеңдер жинағына көрнекті ақын, сазгер Мөлдір Бөлекованың туған жер, ыстық ұя, табиғат т.б. тақырыптарында жазған өлеңдері мен әндері енген. Ақынның шығармалары өз бірегейлігімен, тереңдігі әрі қарапайымдылығымен оқырмандардың көңілінен шығары сөзсіз.

Өлеңдер жинағы көпшілік оқырман қауымға арналған.

 


  Атажұрттан айналдым

 

Нұртазаұлы, М. Атажұрттан айналдым: өлеңдер / М.Нұртазаұлы. - Алматы: ҚазАқпарат, 2009. - 182 бет.

Ақын Махмет Нұртазаұлының бұл жинағына қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан берменгі уақыттағы жырлары енген. Жеті бөлімнен тұратын кітапта еліміздің өмірінде болған кейінгі жылдардағы соқталы оқиғалармен бірге көңіл-күй, махаббат лирикасына кеңінен орын берілген. Ақынның қай өлеңінде болсын туған жерге деген сағынышы атойлап тұрады. Сөз, намыс, ар-ождан құдыретін дәріптейтін шумақтары да кітап шырайын келтіріп тұр.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.


 Асыл арман

 

Нұртазаұлы, М. Асыл арман: өлеңдер / М.Нұртазаұлы. – Балқаш, 2000. – 155 бет.

Ақын Махмет Нұртазаұлының «Асыл арман» кітабында творчестволық ізденісін аңғартатын атамекен - туған жер, абзал адамгершілік, айнымас достық,  адал махаббат, жастық шақ, табиғат туралы көңілге ерекше ұялайтын тебіреністі өлеңдерін автор шынайы сезім, өрнекті тіл, байсалды ойымен, сабырмен салмақтап жеткізеді.

 

 


 Сарытерек ауылдық округі Ақтоғай ауданы Таным мен тағылым

 

Сарытерек ауылдық округі: «Таным мен тағылым». – Қарағанды: «Tengri ltd» ЖШС баспаханасы. – 2018 ж. – 416 б.

Бұл кітап - Сарытерек өңірінің өткеніне көз жіберіп, дала төсінде түліктен төл өрбітіп, ақтылы қой өсіріп, ел дәулетін еселеген ерлер туралы сыр шертеді. Тоқырауынның аңызға айналған Ақ бидайын өсіріп дүиім елді елең еткізген диханшы аталар туралы ой тербейді. Ықылым заманнан бері іргесі шайқалмаған еліне құт болған ырысты өңірдің қасиетін айтады. Отызыншы жылдардың ойранын көрген, соғыстың сұрапыл жылдарына төтеп берген қасиетті қазақтың қайсарлығын, елдігін баян етеді. Елдігінің қаймағы бұзылмаған аталарымыздың бірлігін айтып, солардан    қалған ұлағатты ізден тағылым түйеді.

Шежіре бір рудың емес, бүтін бір елді аймақтың шаруашылығының қаз басып, қалыптасуын, Сарытерек ауылының кешегісі мен бүгінін келер ұрпаққа жеткізбек.


Бижанов Қасен

 

Бижанов Қасен / құраст.: К. Сардарбек. – Балқаш, 2000. – 46 б. Бижанның Қасенінің аты орыс саяхатшы-жазушыларының естеліктерінде, зерттеуші журналистердің қойын дөптерлерінде, мақалаларында, Қарқаралы, Семей, Омбы. Алматы қалаларының ресми қүжаттарында жазылып, оны көрген-білгендердің есінде сақталып келді.

 

 

 


Сардарбек К.”58-статья зарзаман”

 

Сардарбек, К.”58-статья зарзаман” / К. Сардарбек. - Алматы: Дайк-Пресс, 2007. - 200 б.

Күләш Ыбыжанқызы Сардарбек — өлкетанушы, тарихшы, журналист.

Өлкетану тақырыбына жазылған 300-ден аса мақалалары рсспубликалық “Ауыл”, Жезқазған, Қарағанды облыстық, жергілікті газеттердің беттерінде жарияланды.

Күләш Ыбыжанқызының “58-статья зарзаман” атты тұңғыш кітабы көп жылдар ел аузынан, мұрагат қорларынан жинақтаған тарихи деректері, көзкергендердің естеліктері арқылы Тоқырауын-Балқаш өңірінде XX ғасырдың басында өткен сталиндік репрессияның ауыл мен қала өміріне тигізген зияны мен қасіреті жайлы, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған атақты адамдары, Балқаш мыс комбинатының және қала басшыларының ауыр тағдырлары, дауылпаз күйші Ахметжанның күй мұрасы жайлы баяндайды.


Ақ қайың, жалған-ау

 

Ақ қайың, жалған-ау  / құраст.: К.Ш. Бибіжамал. – Балқаш: «Нұрсая баспаханасы» ЖШС, 2011. – 149 б.

2010 жылы    - ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері - жерлесіміз Шашубай Қошқарбайұлының туғанына 145 жыл толды.

Ақынға арнап Шашубай кенттік модельді кітапханасы осы кітапханада бар мерзімді басылымдарда әр жылдары шыққан материалдарды, әдебиеттер тізімін, ұлы ақын-жазушылардың айтқан сөздерінен, Шашубай ақынның айтқандары, сондай-ақ, 3-4 өлеңдерін жинақтап, шашу ретінде ақынның мәдени мұраларын жарыққа шығарып отыр.


 

Н.Нұрмұхамбетов Өлең мен омір көңілді

 

Нұрмұхамбетов, Н. Өлең мен өмір көңілді / Н.Нұрмұхамбетов. – Алматы, 2001. – 96 б.

Н.Нұрмұхамбетовтың «Өлең мен омір көңілді» атты жинағы адамгершілік, шындық, тәлім-тәрбнелік маңызы бар шығарма. Кітапқұмар оқырмандарды ойлантып, толғантып, көңілін бір көтерер сезімге бөлейді. Кітапта бұған дейінгі газеттерде жирияланган өлеңдері мен арнаулары және де балық шаруашылығы, балықшылар жайында деректері жинақталды.

 

 

 


Майтанов Б.Қ. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі

 

Майтанов, Б.  Қазақ прозасындағы замандас бейнесі / Б. Майтанов. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1982. – 148 б.

Бұл еңбекте қазіргі қазақ прозасындағы жас замандас бейнесін жасау мәселелері қаламгерлердің, дәстүр сабақтарын меңгеру, көркемдік тәжірибе жетістіктерін жаңа стильдік өрнектермен жаңғырта байыту талаптарымен тығыз бірлікте қарастырылады. Қаһарманның рухани-адамгершілік ізденістері, характер ашудағы психологизм сипаттары, образдағы ұлттық пен интернационалдық қасиеттердің өзара байланысы талданады.

 

 

 


Томпиев Қ.Қ. Еуразиялық түркі шежіре аңыздары  

 

Томпиев, Қ.Қ. Еуразиялық түркі шежіре аңыздары (ой, пікір, көзқарас) / Қ.Қ.Томпиев. –  Алматы: «Полиграфсервис» ЖШС, 2012. – 240 б.

Бұл кітап ІІ тараудан тұрады Кітапқа сирек кездесетін аңыздар келтірілген.

Адамның жаралғаны, оның ұлдары, ұрпақтары туралы шежіренің басталуы олар туралы аңыз баяндаған.

Көне түрік елдері оның ишінде сумер және шумерлер, яғни бүкіл әлемге белгілі мәдениетті ел туралы әңгіме қозғалады.

 


 Ықласбекұлы С. Тамырды тану

 

Ықласбекұлы, С. Тамырды тану (шежіре - тарих) / С. Ықласбекұлы. – 2010. – 278 б.                                                                                     

Адамзат қауымдастығы үшін тарих жалпылама ұғым емес. Әрбір халықтың ұлт ретінде қалыптасып өсіп-өну жолында, өз басынан өткерген тыныс-тіршілігі, соқпақ -сүрлеуі бар. Ежелгі заманнан бастап (тас ғасыры) осы заман (XXI ғасыр)аралығындағы мерзім-мезгілдердегі уақыт ішінде қазақтың кең байтақ даласында адам баласының даму тарихына байланысты қаншама айғақты ескерткіштер жер қойнауынан археологиялық қазбалар арқылы табылды десеңізші.Бұл далада небір кемеңгерлер, ғұлама данышпандар ғұмыр сүріп, кҿшпенділер өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ғұндар тайпасын қазіргі дүние жүзі тарихшылары еріксіз мойындауда.


               Ерте үзілген гүл ғұмыр

    

Ерте үзілген гүл ғұмыр: мақалалар мен естеліктер / құраст.: Е.Т.Мамырбеков. – Алматы: Ноар, 2017. – 105 б.

Бұл кітапқа Балқаш қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан директоры, «Мәдениет қайраткері» Шопанаева Ләззат Әменқызы туралы естеліктер, әр жылдардағы баспасөздегі мақалалары топтастырылған.

 

 

 

 


          Н.Нұрмұхамбетұлы «Ақселеу дала самалы»

Нұрмұхамбетұлы, Н. Ақселеу дала самалы: өлеңдер, арнаулар мен мақалалар жинағы / Н. Нұрмұхамбетұлы. - Алматы: «Исламнұр» баспасы, 2017. - 208 бет.  +жапсырма.

Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын көтеруге жұмсап, ел арасында ерен еңбегі еленіп, халық құрметіне бөленіп жүрген еңбек ардагері Н.Нұрмұхамбетұлының бұл жинағына қазіргі заман көріністерін шынайы суреттейтін, рухани құндылықтарды дәріптейтін өлеңдері, арнаулары, тәрбиелік мәні зор әсерлі тілмен жазылған нақыл сөздері, ауыл өмірін, шаруашылығын көтеруге байланысты жазған мақалалары топтастырылды. Мамандығы шаруашылық бағытында болғанмен, ақындық қасиет дарыған, сөз құдыретін терең сезінетін азамат өз оқырмандарына шынайы шабыт туындыларын ұсынады. 

 

 

 


 Қалымбергенов, А. Орысбайдың тоғаны / А. Қалымбергенов: Қарағанды: «Типография Арко» ЖШС, 2017. - 452 б.

    

Бұл автордың екінші кітабы. Бұл еңбегіне агроэкономист маманның кейінгі өлеңдері, төртжолдары кірді, Қазақ елінің тұғыры биік тұлғалары жайында да сыр шертеді. Жолжазбалары мен қолжазбалары қысқа да нұсқа.

Автор ауыл проблемаларын да айналып өтпеген. Журналист болмаса да прозасы тартымды, тілі жатық, оқуға жеңіл, тағлым аларлық тұстары баршылық.

 
 
 
 

Жанболат Башар «Қабір үстіндегі зұлмат»  

 

Башар, Ж. Қабір үстіндегі зұлмат: Повесть, әңгімелер жинағы // Ж. Башар. - Астана: Профи Медиа, 2016. - 256 бет

Жазушы Жанболат Башардың оқырман назарына ұсынып отырған бұл кітабына «Қабір үстіндегі зұлмат»  атты повесі мен бір топ әңгімелері еніп отыр. Автор қай тақырыпқа қалам тербесе де заман шындығы, қоғамдағы қайшылықтар, адам тағдыры, кейіпкердің ішкі жан дүниесінің бұлқынысы шығарма өзегіне айналған.

Кітап көпшілік оқырманға арналады.

 

 


 Төлеуқадыр Тоқтамысов: Төлеуқадырдың баспасөздегі мақалалары мен естеліктер

 

 Төлеуқадыр Тоқтамысов: Төлеуқадырдың баспасөздегі мақалалары мен естеліктер / құраст.: Р.Жүнүсов, Ш.Тоқтамысова. - Алматы, 2002. - 208 б.                                                  

Бұл кітап - Тоқтамысов Төлеуқадырға ана мен баланың, немере мен достың, туыс пен жолдастың бақи дүниеден ерте кеткен жанның аруағына арналып жазылған жүректен шыққан кіршіксіз сезімдердің жинағы.

Бізде әдет бар, бір беделдінің сөзін көлденең тартпасаң қатарласының сөзіне көп құлақ түрмейтін, ал Төлеуқадыр құлақ түрерлік, көз тартарлық келбеті бар тұлға, өз ортасында беделді, білімді азамат атанған, сөзіміз дәлелді болу үшін әр түрлі деңгейдегі газеттердегі біраз мақалалары мен пікірлерін өз атынан жеткізуді жөн көрдік. Жазылған мақалалар мен пікірлерге баға беруді оқырмандарға қалдырдық.


 Тоқырауын шертпе күйлері     

 

    Анықбеков, М. Тоқырауын шертпе күйлері. Күйлерді нотаға түсірген Манап Анықбеков      / Қарағанды: «Арко» баспаханасы, 2015. - 50 б.                                  

    Қолыңызға алған осынау жинаққа жас талапкер күйші Манап Бағдатұлы Анықбековтің өз жанынан шығарған туындылары мен Арқа шертпе күй мектебінің беделді өкілі, қазақтың   дәуескер күйшісі Мағауия Хамзиннің бірқатар күйлері енгізіліп отыр.                
Жинақта бұрын еш жерде жарық көрмеген күйлер де жарияланған. 

 


 З.Қағазбекова  «Қалдырған ізің мәңгілік»

 

Қағазбекова З. Қалдырған ізің мәңгілік.-Балқаш, 2014.-282 б.            

Жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу жолындағы ізденістер, ойлар, мектептердің даму кезеңдері баяндалған үлкен әріппен жазылған «Ұлағатты ұстаз»,  «Қазақстан Республикасының  халық ағарту ісінің үздігі», «Әдіскер мұғалім», «Еңбек ардагері», Ы. Алтынсарин медалінің иегері, «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» Қасымжан Қағазбекұлы  Қағазбековтың өмірі мен қызметіне арналған  5 тараудан тұратын естелік-әңгіме кітабы.Ұстазға деген шәкірттерінің жылы лебіздері, естелік-шежірелер және тәлім-тәрбиелік мәні бар тілектер еніп отыр. Ғибраты мол сырлы әңгімелерді оқырманның қызыға оқитынына сенім мол. Кітап көпшілік оқырман қауымға және ұстаздарға  арналған.

 


 Ә.Кәріпбай "Тұлымды тұлғалар"

 

Ақын Әбіл Жұмақожаұлы Кәріпбайтегінің "Тұлымды тұлғалар" жинағы баспадан шыққан екінші кітабы. Онда халқымыздың біртуар даналары мен Балқаш өңіріндегі арынды азаматтардың өмірлері мен көңілдері, халыққа сіңірген еңбектері жырға арқау етілген. Тілі жатық, ойға бай өлеңдер оқырмандар көңілінен шығады деп кәміл сенеміз.

 

 

 


 Ә.Кәріпбай "Аман бол, қараша там, қараша шал"

 

"Аман бол, қараша там, қараша шал" - ақынның баспадан шыққалы отырған тұңғыш өлеңдер жинағының 1-ші кітабы. Бұл өлеңдер жинағында туған жер, адамдық пен адалдық, табиғат көріністері, тіл мен дін, ел мен жер тағдыры, халқымыздың ұмытылған жақсы салт-дәстүрлері ақынның шабытын тербетеді. Сөздің бейнелісін, әсерлісін таңдап, ойды өрбіте өрнектей білген ақынның өлеңдерінің өн бойындағы азаматтық әуен ақындық сыршылдығымен байыпты жеткізіледі.

Әбіл Кәріпбайтегінің бірінші шыққалы отырған өлеңдер жинағына сәт-сапар тілейміз!

 


 Ә.Кәріпбай "Қазына-жүрек"

 

Балқаш өңіріне өзінің ақындығымен, тума талантымен, шығармашылық өнерімен аты шыққан дарынды азамат Әбіл Жұмақожаұлы Кәріпбайтегінің өлеңдері бұрын да республикалық, облыстық, қалалық басылымдар бетінде жарық көрді.

Бұрынғы жылдары ақынның «Аман бол, қараша там, қараша шал!», «Тұлымды тұлғалар» атты кітаптары баспадан шыққан. Енді, міне, «Қазына-жүрек» атты өлеңдер жинағы ұсынылып отыр. Бұл өлеңдер жинағында туған жер, адамдық пен адалдық, табиғат көріністері, тіл мен дін, ел мен жер тағдыры, халқымыздың ұмытылған жақсы салт-дәстүрлері ақынның шабытын тербетеді. Сөздің бейнелісін, әсерлісін таңдап, ойды өрбіте өрнектей білген ақынның өлеңдерінің өн бойындағы азаматтық әуен ақындық сыршылдығымен байыпты жеткізіледі.


 Ж.Башар. "Самғау"

 

 

Ақын Жанболат Башардың бұл жинағына «Құс жолы», «Үкілі үміт», «Көкше көлдің самалы» жыр кітаптарындағы өлеңдері мен толғаулары, балладалары енген. Ақын туған елге, атамекенге деген сүйіспсншілікті, адалдық пен парасаттылықты жырлайды.

 

 


 Ж.Башар. "Кепиет"

 

Жазушы Жанболат Башардың бұл кітабы адам, қоғам, өмір қатынастары туралы сыр шертеді. Жинаққа енген әңгімелері қызықты оқиғаларымен, шұрайлы тілімен оқырманды тәнті етеді. Мұндағы айтылар ойды темірқазығы - ел мен жерге, туған тілге деген адалдық, адами асыл қасиеттерді бағалау, соның қасиеті мен киесін ұғыну.  Кітап қалың оқырманға арналған.

 

 

 


 Жазыбек Сәтімбекұлы "Ардақты  азамат"

 

Бұл жинақта Балқаш қаласының Құрметті  азаматы, Жазыбек Сәтімбекұлының өмірінде,  жақын араласқан, қызметтес  боған  замандастары ел мұраты  үшін аянбай еңбек еткен ардақты азамат  жайлы ойларын ортаға салған.  Кітаптан оқырман Жазыбек Сәтімбекұлының өмірбаяны туралы  мол мағлұмат алады. - Алматы, 2006,-114 бет

 

 

 


Бекенова М.С. Әке жолы - ұрпаққа өнеге

 

Бұл кітап Қазақстанның орта және арнайы орта білім беру жүйесін дамытуға айтарлықтай үлес қосқан білім беру ісінің үздігі, Балқаш педагогикалық училищесінің бұрыңғы директоры, Жезқазған облыстық білім бөлімінің меңгерушісі болған Сәбит Бекенұлы Бекеновтың өмірі мен қызметіне арналады.

Осы кітапты дайындап, жарыққа шығуына Сәбит Бекеновтың немерелері - Калия Сәбит және Зарема Қасымжан үлкен үлес қосты.

 

 

 


С. Кәукербекұлы "Ойдан ой"

 

Балқаш қаласының Құрметті Азаматы, мыс комбинаты мен ЗОЦМ-нің Еңбек ардагері, бұрыңғы мұғалім, профсоюз (кәсіподақ), партия қызметкері, бүгінде Қазақстан Республикасы Ардагерлерінің Орталық Кеңесінің мүшесі, Құрмет орденінің иегері және Балқаш қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Совет Кәукербекұлының  қала тұрғындарына арнап жазған алтыншы кітабы.

Бұл кітап толықтырылып екінші рет басылымнан шығарылып отыр. Кітаптан оның ел, жер, тіл, салт-дәстүр туралы ашық ойларын біліп, туған-туыстары, дос-жарандары мен қаланың айтулы азаматтарымен сырлас болған ыстық жүректі, белгілі тұлға болғанын аңғарасыз.

 


 

Қ.Сәденов. Құлық Жалаңтөс (Соқыр) ұрпақтарының шежіресі

 

Ақын, сазгер, журналист, емші Қуандық Мақсұтұлы Сәденов 1961 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы «Жәмші» кеңшарының бұрынғы Бірлестік (Қызылтас), қазіргі Жалаңтөс батыр ауылында дүниеге  келген.

 

 

 


 

Қуандық Сәденов. Жырлайды жүрек

 

«Аяулы Жәмші мекенім», «Ару Балқаш, әнім менің», «Ақтоғай ұлылар мекені», «Алтын анам», «Ғашық сыры», «Аңсаған менің әнімсің», «Балапаным», «Туған жер», т.б. әндердің авторы. 1982-1990 жж. сәулет-құрылыс саласында, 1991-1999 жж. «Балқаш өңірі» газетінде, 2000-2002 жылдары «Сырлас» газетінде тілші, жауапты хатшы болып қызмет жасады. Қазіргі кезде «Пульс» газетінің тілшісі. 

 

 


Жанболат Башар. ПЕШЕНЕ

 

Аймаққа белгілі қаламгер Жанболат Башар  1949 жылы Ақтоғай ауданындағы Сарытерек ауылында  дүниеге келген.  Е.А.Бөкетов атындағы  Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Журналистік еңбек жолын  Балқаш қалалық телестудиясында қатардағы редакторлықтан бастаған. Қалалық «Балқаш өңірі» газетінің  редакторы, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің  меншікті тілшісі болып  абыройлы қызмет істеді. Қазіргі күні қалалық «Балқаш өңірі» газетінің  бас редакторы болып жемісті еңбек етуде.

 

 

 


Ілияс Мұқаев. Ғұмырымның көктемі

 

Ілияс Дүңгенбайұлы Мұқаев 1982 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Айыртас ауылында дүниеге келген. Республикалық, облыстық, қалалық мүшәйралардың жеңімпазы, Т.Айбергенов атындағы Алтын медальдің иегері, Н. Мәукенұлы атындағы, Қазақстан Жазушылар Одағы тағайындаған Бұқар жырау атындағы жүлделердің иегері. Бүгінде ақын  Ілияс Дүңгенбайұлы Мұқаев Балқаш қаласының қаламгерлер қауымдастығының мүшесі, БГТК оқу орнының тіл – әдебиет ұстазы, БГТК жанынан құралған  « Ақбұлақ » жас ақындар үйірмесінің жетекшісі.

 

 

 


 

Жанболат Башар.Үркер туғанда

 

Аймаққа белгілі қаламгер Жанболат Башар  1949 жылы Ақтоғай ауданындағы Сарытерек ауылында  дүниеге келген.  Е.А.Бөкетов атындағы  Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Журналистік еңбек жолын  Балқаш қалалық телестудиясында қатардағы редакторлықтан бастаған. Қалалық «Балқаш өңірі» газетінің  редакторы, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің  меншікті тілшісі болып  абыройлы қызмет істеді. Қазіргі күні қалалық «Балқаш өңірі» газетінің  бас редакторы болып жемісті еңбек етуде.

 

 

 

 

-1-   -2

 


Дата редактирования: 20 Сәуір 2024

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика