
«Он саусағынан өнер тамған шебер»: өлкетанулық биобиблиографиялық құрал /А.Гайдар атындағы орталық қалалық балалар кітапханасы: құраст.Ж.Сопина .- Балқаш, 2018.- 68б.- суретті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасындағы туған елге, қалаға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған «Туған жер» жобасын насихаттау мен жүзеге асыру мақсатында А. Гайдар атындағы орталық қалалық балалар кітапханасы «Он саусағынан өнер тамған шебер» атты өлкетанулық биобиблиографиялық құралды ұсынады.
Құрал суретші-гобеленші, ағаш шебері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» Әбеуов Өміркелді Мұхтарұлының туғанына 70 жыл толуына арналған.
Суретшінің «Қоңырат туралы ән», «Таң», «Жаңа дәуір», «Бейбітшілік келешек үшін», «Ертең жұма», «Дала туралы баллада», «Металлургтер», «Молшылық», «Уақыт – өмір айнасы», «Ұядан ұшқанда» және т.б. туындылары туған жеріне деген ыстық сезімге толы.
Суретші-безендіруші ретінде Өміргелді Балқаш қаласында өз қолтаңбасын қалдырып, үзбей еңбек етіп келеді. Қала тұрғындары мұражайда өткізіліп отыратын шебердің жеке көрмелерінен өнер жолы және туындыларымен танысады.
Өміркелді Мұхтарұлының ақындық өнері де бар. «Қуанамын», «Үлкендердің арманы», «Тілегім бар» атты өмірден алынған сырлы да ойлы жыр-өлеңдерімен таныса аласыздар.
Тумысынан мінезі жұмсақ, қарапайым, еңбекқор Өміркелді Мұхтарұлының шығармашылығынан суретшінің отаншыл, өресі биік, арқалы талант, парасат иесі екенін танисыз.
Басылым барлық оқырмандар қауымына арналады.
|