"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Аңдатпа

Мұрағат

Опрос

Үйде жалғыз қалғанда, Сіз ...?

Есболов Төлеу

Просмотров: 7

     Есболов Төлеу 1940 жылы қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының «Жеңіс» совхозында кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Оның ауылы теміржолға таяу болатын. Жас кезінде адам арманшыл келеді емес пе? Асыр салып, асық ойнап, белдесіп жүрген балалар поезд келе жатқанда бәрін тастап, жапа-тармағай жүгіретін. Ұзақ қызықтап, шығарып салатын. Поездың күнде дәл уақытта келіп-кетуі, теміржолшылардың ырғақты еңбегі Төлеуді қатты қызықтыратын. Сол себеп болды ма, «Түгіскен» орта мектебін бітіргеннен соң Ақмоладағы теміржол техникумына оқуға түсіп, оны 1961 жылы ойдағыдай бітірді.

Жас маман еңбек жолын Қарағанды темір жолының Түйемойнақ разъезінде қарапайым жұмысшыдан бастады. Теориялық білімін практикалық іспен толықтырып, тәжірибе жинақтады, өзін таныта білді. Ақ адал еңбегімен көпшілік сеніміне ие болып, ең күрделі учаскелердің бірі - Көктіңкөл - Шерубай - Нұра станциясының бастығы болып тағайындалды. Сатылап өскен жас жігіт 1962-1966 жылдары Қарағандыда жол қозғалысын тексеруші қызметін атқарды. Қайда жұмсаса да өзіне тапсырылған міндетті жауапкершілікпен атқарып, талап биігінен көрініп,

тамаша ісімен көзге түсті. Осындай әр қырынан танылған

Төлеу Есболов 1970 жылдың күзінде Балқаш станциясына бастық болып тағайындалды.

Иә, адамды танытатын іскерлігі, білімі, парасаттылығы ғой. Нағыз баға жұрттың оған деген ынта-ықыласы, сенімі болса керек. Солай десек те, ол «Құрмет белгісі» орденімен, «Мінсіз еңбегі үшін» медалімен, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, құрметті теміржолшы. Мұның өзі әріптестерінен жеке-дара тұрғанын айғақтағандай. Яғни, теміржолшылар мүддесін қорғап, кім екенін көрсетуі де осы емес пе?!

Сондай-ақ Төлеу Есболов ел аманатын ерте арқалаған азамат, депутаттық қызметпен жақсы таныс.

Ол 1970-1989 жылдар арасында қалалық Кеңеске депутат болып сайланған және теміржолшылар мекенін көріктендіруде талай игі істер атқарды. Сыйымдылығы 500 тонналық жабдықтау қоймасы, үйлерді бір орталықтан жылытатын жылу жүйесі салынып, пайдалануға берілді. Мекен-жайды көгалдандыруда, тазалықты сақтауда көп жұмыстар атқарылды.

Төлеу ойлаған мақсатының орындалуына сеніммен қарады. Сенім. Адамға адам көрсеткен сенім қашан да бойға күш, жүрекке қайрат береді. Ондай сенімге ие болған адам қандай қиындық болса да жеңеді, қандай іс болса да атқарады.

Сөйтіп, еңбегімен еліне танылған Есболов Төлеу 2000 жылы «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағын алды.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Сембекұлы, Т. Болат жолдың тарланы /Т.Сембекұлы // Балқаш өңірі. – 2000. – 28 қаңтар. – 2б.

2. Мұстафин, С. Балқаш қаласының құрметті азаматтары: тарихи-өмірбаяндық очерк /С.Мұстафин.-Балқаш,2000. – 13-16 б.

3. Мақсұтұлы, Қ. Құрметті теміржолшыға арналған көрме /Қ.Мақсұтұлы // Пульс. – 2010. – 19 ақпан.

4. Жүнісұлы, О. Теміржолдың тарланы .Жұлдыздар із тастап ағады. /О.Жүнісұлы.-Алматы: Нұр-Принт-75, 2011. – 66-70 б.

5. Балқаш.Тарих беттері (1936-2007 ж.ж.): Құжаттар мен материалдар жинағы / Құраст.: Жексенова Н., Исабекова А., Сәкенова Р.- Қарағанды, 2007.-203 б.


Дата редактирования: 02 Желтоқсан 2020

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика