Нина Григорьевна 1928 жылы 25 шілде күні Жамбыл облысы, Шу ауданы, Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Соғыстың ауыр жылдарында, ол үйде отырмай 13 жасынан бастап, еңбекке араласа бастайды.
Нина Григорьевна Балқаш қаласында 7 сыныпты аяқтап, одан әрі Балқаш мыс комбинатына мамандар даярлайтын № 5 кәсіптік училищеге оқуға түседі. Ол 1945 жылы оқуын аяқтап, байытушы мамандығын алып шығып, комбинаттың мыс байыту фабрикасына флотатор болып орналасады. 1945-1979 жылдар аралығында мыс байыту фабрикасының аға флотаторы болып 28 жыл тер төгіп, сол ерен еңбегінің арқасында Социалистік Еңбек Ері атағын алған, белгілі жан.
1973 жылы 23 желтоқсанда Жоғары Кеңесі Президиумының Бұйрығымен еңбегі бағаланып Социалистік міндеттерді атқарудағы жоғары жетістіктері үшін аға флотатор Н. Г. Чекушинаға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталады.Осы жылы Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады.
Осы еңбек орнынан 1979 жылы 28 сәуірде құрметті демалысқа шығады.
Нина Григорьевна ұзақ уақыт қалалық, облыстық және Жоғарғы Кеңес депутаты болып, коғамдык-саяси істерге белсенді араласа жүріп, Польша, Монғолияға да сапар шегеді. Байыту фабрикасындағы әйелдер кеңесіне бірнеше жыл төрағалық етеді. Мысшылар сарайы жанындағы “Росинка” әйелдер клубына жиырма жылдай жетекші болған кезінде, пионер лагерьлерін, балабақшаларды аралауға уақыты мен күш-қуатын аямады.
2000 жылы 28 қыркүйекте Н.Г. Чекушинаға Балқаш қалалық мәслихатының шешімімен “Балқаш қаласының Құрметті азаматы” атағы берілді.
Нина Григорьевна 2016 жылы қайтыс болды.
Әдебиеттер тізімі:
1. Башарұлы, Ж. Қалам менің Балқашым – мыс шаһары /Ж.Башарұлы// Балқаш өңірі. – 2007. – 11 сәуір.
2. Ақпарат айдынында:мақалалар мен очерктер.- Қарағанды: Арко, 2007. – 121-124 б.