"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Аңдатпа

Мұрағат

Опрос

Кітап сіздің өміріңізде:

Асфандияров Закир Лутфурахманович

     1918 жылы Башқұрт АССР-інің Красноуюль ауданындағы Утяк селосында туған. 1939 жылы ол Омбы әскери училищесінің курсанты болды. Одан кейін Қиыр Шығыста әскери қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде артиллерия орудиесінің командирі ретінде алғы шепте болды.

1965 жылы 9 мамырда «Балхашский рабочий» газетінде Ч. Михайловичтің «Батыр өз арамызда» мақаласы басылды. Оның мазмұны ержүрек, батыл, батыр, Отаны мен халқын сүйетін адам туралы. Ал дәлдеп айтсақ, орудие расчетының командирі З. Л. Асфандьяров өзінің жаумен алғаш шайқасуын Москва үшін шайқаста Тихвин қаласы түбінде бастады. Жауға Курск түбінде Днепрде соққы беріп, Винница мен Львов қалаларын жаудан босатты және Висла мен Одерден өтіп, соғысты Берлинде аяқтады.

Сержант Закир Лутфрахманович командир болған орудиенің расчеты соғыс кезінде фашистердің ондаған танкісін, машиналарын, зеңбіректерін, пулеметтерін және көптеген солдаттары мен офицерлерін жойды. Төрт күнде, яғни, 1943 жылғы 5-9 шілде аралығында оның расчеты Курск шайқасында жаудың тоғыз танксін қиратып, көптеген жауынгерлерін қырды. Осы ұрыстағы ерлігі мен жауынгерлік шеберлігі үшін ол «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Закир Лутфрахманович, әсіресе Корсунь-Шевченко операциясында батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті.

Жау 1944 жылы 25 қаңтарда Винница облысының «1 Мая» совхозы жерінде қарсы шабуылға шықты. Жаудың жаяу әскерін көптеген самолеттер мен танктер сүйемелдеді.

Асфандьяровтың расчеты жаудың танктеріне қорықпастан қарсы соғысты. Расчет жаудың 10 танкісін және көптеген солдаттарын жойып, олардың шабуылын тойтарды.

Міне, осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 1 шілдедегі Жарлығы бойынша Закир Лутфрахмановичке Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Батыр мұнан кейін де фашистік басқыншыларға қарсы ерлікпен күресті. Львовты азат ету ұрыста да шеберлік пен ержүректік көрсеткені үшін ол 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен, Берлинді алуда «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Асфандьяров Польша үшін болған ұрыста да көзге түсіп, «Варшаваны азат еткендігі үшін» медалімен, польшалық «Польшаның азаттығы және тәуелсіздігі үшін» медалімен марапатталды.

Соғыстан кейін көп уақыт Балқашта тұрып, Шығыс Қоңырат руднигінің № 6 шахтасында тіркеуші, смена мастері, смена бастығы болып жұмыс атқарды.

2000 жылғы 19 қаңтардағы Балқаш қаласы мәслихатының №3/31 шешімімен Жданов атындағы тұйық көшеге Закир Асфандьяров аты берілді.

1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Кеңес халқының жеңісінің 30 жылдығын атап өту және даңқты ерліктері үшін, 1975 жылғы 20 наурыздағы Балқаш еңбекшілер депутаттары қалалық Кеңесінің шешімімен З. Асфандьяровқа «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Мұстафин, С. Балқаш қаласының құрметті азаматтары: тарихи-өмірбаяндық очерк /С.Мұстафин.-Балқаш,2000. – 44 б.

2. Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006.-129б.

3. Медеубаев Ш. Ер есімі – Ел есінде: Балқаш Кеңес Одағының батырлары / Ш.Медеубаев// Балқаш өңірі.-2015.-1 сәуір(№34).-3 б


Дата редактирования: 21 Ақпан 2020