Аманқұлов Қуаныш Сағынтайұлы 1987 жылы Қарқаралы ауданының Томар ауылында дүниеге келген. Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясында оқыды. 2005-2009 жылдар аралығында Орталық Қазақстан технология және менеджмент институтын қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. М. Хамзин атындағы Мәдениет сарайында театрдың көркемдік жетекшісі, №15 мектеп-лицейінде директордың орынбасары, «Балқаш өңірі» газетінде тілші болып еңбек еткен. 2013-2019 жылдар аралығында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, шолушы, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Қуаныш Сағынтайұлы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық, аймақтық жыр мүшәйраларының жүлдегері. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Құрмет грамотасы, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған журналистер арасындағы облыстық байқаудың, Қарағанды облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған журналистер арасындағы байқаудың бас жүлделерінің иегері. «Хат» жыр жинағының авторы. Қуаныш Сағынтайұлы Аманқұлов қазіргі таңда «Балқаш өңірі» газетінің редакциясы» ЖШС директоры қызметін атқарады.
Әдебиеттер тізімі:
1.Аманқұлов, Қ. Хатымды қайық қылдым / Қ.Аманқұлов //Балқаш өңірі. – 2011. – 16 наурыз (№31). - 7 б.
2.Аманқұлов, Қ. Көңілім өлең күйтаспа / Қ.Аманқұлов //Пульс. – 2011. - 28 января (№4). – С. 21
3.Канафин, Н. Жұлдызы жанған жігіттер / Н.Канафин //Балқаш өңірі. – 2011. – 25 мамыр (№ 58). – 3 б.