"Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Коммунальное государственное учреждение
"Централизованная библиотечная система города Балхаш"

Біздің сайтқа қош келдіңіз. Өзіңізге керекті сұрақтардың жауабын табуда осы сайттағы мәліметтердің көмегі тиеді деп үміттенеміз.

Аңдатпа

Мұрағат

Опрос

Интернетте қанша уақыт өткізесіз?

Мемлекеттік ту

Просмотров: 1078
Мемлекеттік ту

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2.

Мемлекеттік туымыздың аспан текті зеңгір көк түсті болуы кездейсоқ емес. Әйгілі Ансельм кестесі бойынша ол - адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны. Көк түс ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады, бейбітшілік, тұрақтылық пен береке-байлық белгісі болып саналатын ашық аспанға мегзейді.

Аспанкөк түс - қазақтың ұлттық бояуының реңі. Ұлттың менталитеті, танымы, мәдениеті мен бұл түске деген айырықша ілтипаты осы ойға жетелейді.

Байрақ бетіне әр түрлі нышандардың суретін салу бұрыннан бар үрдіс. Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі, қыран көңіл халқымыздың асыл арманын арқалаған дала бүркіті мен рухани болмысымыздың жарқын бір көрінісі болып табылатын ұлттық өрнек - сондай айтары мол астарлы айшықтар. Олармен бірге халқымыздың тарихи зердесі де қайта оянғандай.

Күн образы - байлық пен берекенің белгісі. Оның графикалық бенелеуі (шеңбер) өміршеңдік нышаны деп саналады.

Қыран бүркіт бейнесінің нышандық мәні әдетте билік, көрегендік пен кеңдік, күш-қайрат ұғымдары арқылы айқындалады. Бұрынғы әлемдік тәжірибеде рәміздерде бүркіт бейнесін бедердеу кезінде оның сұсы мен айбынын, жыртқыштық белгілерін ерек танытуға ұмтылыс басым болатын.

Қазақстан Туында бұл образ мүлдем жаңа көркемдік шешім тапты. Біріншіден - бейбіт, салмақты мінез сипаты сезіледі. Екіншіден - ол күн астында тұр. Қанатында Прометей алауын, бақыт нұрын алып келе жатқандай әдемі әсер қалдырады. Үшіншіден - қозғалыс үстінде бейнеленген. Асқар арман, асыл мақсатқа құлаш ұрып келе жатқандай. Рәміздік тұрғыдан алғанда бақыт пен берекеге, өркениет биіктеріне ұмтылған ел мұратын, халық аңсарын аңғартады.

Ту - бұл кез-келген мемлекеттің егемендігі мен ерекшелігін айқындайтын нышандардың бірі.

Ерте дәуірлерде ту мемлекеттік құрылыс ұқсастығын айқындау және халықты біріктіру қызметін атқарды

Ең көне ту жобамен б. э. д. 3000 жыл бұрын жасалған, ол Иран территориясында 1972 жылы табылған. Бұл 23×23 сантиметр, бүркіт, екі арыстан, үш әйел құдайы және өгіз бейнеленген металдан жасалған бұйым.

Тарихы ұқсас мемлекеттердің мемлекеттік нышандарын қарастырғанда, олардың көпшілігінде табынатын жануарлардың яғни, грифондар мен бүркіттің, ілбіс пен жолбарыстың немесе түрік-номадтың сенімді серігі - жылқының нышандары бейнеленген. Бұл факт түркі халықтарының рухани және мәдени ұқсастығын білдіреді.

Қазақстан жерінде қоныстанған біздің эрамызға дейінгі ІІІ-VIII ғасырларда сақ-сармат тайпаларының өз жалаулары болғандығы жөнінде деректер сақталған.

Көшпенді-ғұндардың ақ жалаулары, қазіргі түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың бабалары саналатын түркілердің тулары көгілдір, жасыл, сары және тағы басқа түсті болған. Мемлекеттік нышандар бойынша мұрагерлік қыпшақ-қимақ тайпаларында да сақталған. Шыңғысханның жалауы үшбұрышты ақ түсті, аңшы сұңқар бейнеленген, ұлы жорықкердің түсін бейнелейді. Тудің түсін анықтау сол кездегі тарихпен айқындалады. Қазақстан территориясын 600 жылға жуық уақыт Шыңғысхан ұрпақтары билеген. Ақорданың, Алтынорданың және қазақ хандары мен сұлтандарының да туының түстері ақ түсті болған. Мәселен, осы уақытқа дейін Абылайханның (ХVIII ғасыр) ақ туы халық жадында сақталған. Орталық Азия билеушісі Әмір Темірдің жалауының түсі де түркілердің, хазарлар мен селжүгіттердің жалауы секілді көгілдір-аспан түсті.

Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін жаңа мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесі пайда болды, бұның өзі мемлекеттік рәміздерімізге өз әсерін тигізді.

Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының мемлекеттік нышандарын пайдаланды. Туда үш көлденең сызық сызылған, жоғырғы және төменгісі қызыл түсті, ортасы көкшіл түсті. Жоғарғы бөлігінде орақ пен балға және астында қызыл жұлдызша бейнеленген.

1992 жылы Шакен Ниязбеков жасаған Мемлекеттік ту бекітілді.

Мемлекеттік туды даралап тұрған тағы бір белгі - оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті («Қошқар мүйіз») жолақ. Бұл өрнек сонау сақ дәурінен белгілі. Сәулет өнері туындыларында қазір де қолданылады. Алтынмен айшықталып, көз жауын алардай әдемі зерленген рәміздік жеке белгілердің бояуы Мемлекеттік тудың шымқай зерен көк реңімен әдемі үйлесім тапқан.

Негізгі бөлігін түсті мата құрайтын мемлекеттік тудың басқа атрибуттарының да өз атаулары бар. Олар - тутаяқша (древок), ұшарбас (навершие), бау (лента), шашақ (бахрома), тутұғыр (флагшток), тужиек (кайма), т. б.

Түсті мата тартылатын тутаяқша ағаштан немесе металдан жасалады. Ұшарбас оған шығырмен бекітіліп, тудың ажарын аша түсуге қызмет етеді. Ол ұлттық ою-өрнек стилінде жасалған найза тәрізді болып келеді. Оған тартпа жіп пен бау тағылады.

Шашақ дегеніміз тудың негізгі бөлігін - түсті матаны жиектеп көмкерген тоқыма әшекей, ал тутұғыр деп жиек (кайма) болмаса - түсті матаның шетіндегі түсі бөлек жолақша.

Тудың қасбетіндегі (оң бет - түсті матаның тура қараған кезде тутаяқшадан оңға қарай жазылған жағы) әр алуан бейнелер мен жазулар тоқу, бояу және жапсырма (аппликация) әдістерімен түсіріледі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері. Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі.

1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласында дүниеге келді. В. И. Мухин атындағы Ленинград жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін бітірген. Алматы қаласының бас суретшісі.

Негізгі шығармашылық жұмыстары: Тараз қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы кинотеатрдың кешенді дизайны (1979, А. Симоновпен, В. Кузьминмен бірге), «Волоколам бағытында. Генерал-майор И. Панфилов пен қолбасшы Б. Момышұлы ескерткіші (1985)», «Жамбыл», «Ана болу бақыт», «Шоқан Уәлиханов», т. б. көркем полотнолар. Алматы қаласы елтаңбасының авторы.

Чехословакияда өткен Халықаралық байқаудың алтын медалін (1961) және Санкт-Петербургте өткен плакаттар байқауының бірінші жүлдесін (1982) жеңіп алған.

Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы. Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері. Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі.

1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласында дүниеге келді. В. И. Мухин атындағы Ленинград жоғары көркемөнер өнеркәсіп училищесін бітірген. Алматы қаласының бас суретшісі.

Негізгі шығармашылық жұмыстары: Тараз қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы кинотеатрдың кешенді дизайны (1979, А. Симоновпен, В. Кузьминмен бірге), «Волоколам бағытында. Генерал-майор И. Панфилов пен қолбасшы Б. Момышұлы ескерткіші (1985)», «Жамбыл», «Ана болу бақыт», «Шоқан Уәлиханов», т. б. көркем полотнолар. Алматы қаласы елтаңбасының авторы.

Чехословакияда өткен Халықаралық байқаудың алтын медалін (1961) және Санкт-Петербургте өткен плакаттар байқауының бірінші жүлдесін (1982) жеңіп алған.

 


Дата редактирования: 19 Наурыз 2024

Рейтинг@Mail.ru

Яндекс.Метрика